Жүрегімде қалған Рамазан
Жүрегімде қалған Рамазан
Адамдардың бойынан мейірім жоғалып, жүректері әбден қарайып, бойлары күніге төрт бұрышты жаулардан көрсетіліп, дәріптеліп жатқан небір сұмдыққа үйреніп кеткендей. Тас жолдар мен тас қабырғалар тәрізді баршамыздың жүректерімізде тас бауыр қаланың бір-бір тасына айналды. Тіптен, осынау әлемге қатты бір өкпелі жандай өкпенің өзі терең дем ала алмай, тынысы тарылуда... Өкінішті... 
 
Бірақ, барлығы жоғарыда айтылғандай емес. Жаның жабырқап, көңілің құлазып, рухың ашығып, тәнің ластанып, болды біттім, төзімім таусылды, үмітім үзілді дей бергенде алыстан құдды бір құтқарушы шамшырақтай, дертіңе шипа, көңіліңе демеу, шөліңе әбілхаят болып, барша айдың Сұлтаны, қасиеті мен шарапаты мол, әр сәті лағылдар мен жақұттарға толы, сансыз сауаптардың қоймасы, сүйікті Рамазан келеді. Міне бұл әңгіменің де жазылуына Осы бір қасиеті бөлек ай арқау болды.
 
Өмірімнің ең бір сиқырлы кезеңдерінің бірі студенттік шағым еді. Оқуда да озат, қоғамдық өмірге де белсене араласып жүрген, тобымдағы қыз-жігіттерге де сыйлы, қысқаша айтқанда көлденең кедергі болмаған соң, алаңсыз кезең болды. 
 
Рамазан айы болатын, ноутбугым бұзылып, сол салада оқитын досыма жөндетуге алып бардым. Ол жігіт намазхан еді. Менің ноутымды жөндеп отырып, ішінен Құранның сүрелерін тауып алып, қатты қуанып менен:
 
-Сен де намаз оқисың ба, Думан?- деп сұрады, мен:
 
-Жоқ, мен оқымаймын, тек жұма намаздарын қаза қылмай барып тұруға тырысамын, бірақ ниетім бар, - деп жауап бердім. Содан осы жерден ноутбугымыз жайына қалды. Ол маған түрлі уағыздар айтты, исламның не екенін түсіндіріп отырып, бір сөзінде былай деді
 
-ойлашы, тозақта адам мәңгі қалуы мүмкін... мәәәңгі... ертең емес, бүрсікүні емес, мәңгі...
 
Осылайша бұл әңгіме аяқталды. Мен үйге бардым. Бірақ санамда әлгі сөз сайрап тұрды. Қатты ойландым. Қорықтым. Ұйықтап едім, түс көрдім, түсімде дүниеге ұлым келіпті. Оның есімін мен «әл Фәләһ» деп қойыппын. Оянғасын ол сөздің мағынасын іздеп, азаннан таптым. Азаншының азан шақырғанда «Хайә әлә фәләһ» деп айтқандағысының аудармасын қарап едім, ол сөз «азаптан құтылуға асығыңдар, мәңгілік бақытты өмірге асығыңдар» дегенге саятынын ұқтым. Бұл сөздің маған әсері зор болды. 
 
Құрметті оқырман, азаптан құтылғыңыз келсе, мәңгілік бақытты ғұмыр кешкіңіз келсе, ұлық болған айда қапы қалмаңыз, ораза тұтыңыз, намазға асығыңыз.
Думан МуратДуман Мурат
8 жыл бұрын 4378
4 пікір
Блог туралы